Профессор Қ.Қ. Сейтеновтың «Заң жобасы» телебағдарламасында «Сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасының негізгі ережелеріне қатысты түсініктеме беруі

Жуырда Мәжілістің мақұлдаған «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» заң жобасын қазіргі уақытта ҚР Парламенті Сенатының депутаттары талқылауда. Осы жобаны әзірлеу мақсаты сот-сараптама қызметін халықаралық аккредиттеу стандарттарының деңгейіне дейін жетілдіру қажеттілігі болды.

Сарапшылардың айтуынша, заң жобасын қабылдау сот сараптамасы органдарының кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуінің нығаюына; сот сарапшыларының ғылыми әлеуетін қалыптастыру үшін жағдайдың жасалынуына; мемлекеттік емес (жекеше) сот сараптамасы институтының әрі қарай дамуын ынталандыруға; азаматтардың және сот төрелігі процесіне қатысатын ұйымдардың құқықтық қорғалу деңгейін, сот сарапшысы лауазымының беделін және оның әлеуметтік қорғалуы дәрежесін арттыруға әкеп соғады.  

Көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру үшін тиісті құқықтық сүйемелдеу қажет, ол, өз кезегінде, сот сараптамасы органдарының қызметін реттейтін құқықтық нормаларды сәйкестікке келтіруді талап етеді.

«КАЗГЮУ Университеті» АҚ Сот сараптамасы институтының директоры, з.ғ.д., профессор Қ.Қ. Сейтенов «Хабар 24» телеарнасына сұхбат берген кезде талқыланып жатқан заң жобасының жаңа нормасын – Сот сарапшыларының палатасын ерекше атап өтті. Сот сарапшыларының палатасы өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қызметін үйлестіру және олардың сот-сараптама қызметі туралы заңнаманы сақтауы үшін құрылатын коммерциялық емес кәсіптік өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.  

Қазақстанда сот сараптамасының мемлекеттік емес (жекеше) институтын дамыту бойынша алдағы жұмыс Дүниежүзілік Банк пен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамасын күшейту» атты бірлескен жобасын жүзеге асыру аясында біртіндеп іске асырылмақ. Жобаның кеңесшілері – КАЗГЮУ Университеті, сот сараптамасы саласындағы танымал компания Key Forensic Services Ltd (KFS), Ұлыбританияның ең ірі зерттеу университеті – Лондонның Корольдік колледжі (KCL), сондай-ақ QPA Strategies Ltd. (London) және Astana Garant Consulting (Астана қ.) консалтингтік компаниялары секілді ұйымдардан құралған консорциум.

Профессор Қ.Қ. Сейтенов жобаның ең басты бөліктерінің бірін басқара отырып, басқа заңгер-сарапшылармен бірге сот сараптамасы органдары қызметінің дүниежүзілік заң шығару және институционалдық тәжірибесін зерттеу бойынша жұмысты жүзеге асыруда. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша ең үздік дүниежүзілік тәжірибені Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және сот сараптамасы органдарының жүйесіне енгізу жоспарланады.

«Хабар 24» арнасындағы бағдарламамен мына сілтеме бойынша таныса аласыз:

http://24.kz/ru/tv-projects/proekt-zakona/item/158690-meditsinskaya-ekspertiza