Кубрин сауда үйінің құрылысы көпес Матвей Кубриннің есімімен байланысты. Ол балаларымен бірге «Матвей Кубрин с сыновьями и Ко» (Матвей Кубрин ұлдарымен және әріптестерімен) компаниясының, ал XX ғасырдың басында сауда үйінің негізін қалады. Құрылыс 1907 жылы басталып, 1909 жылдың аяғында аяқталған. Өзге деректерге сүйенсек, сауда үйінің құрылысы 1905-1907 жылдар аралығын қамтыған. Сауда үйі ғимаратының Art Nouveau стилінде жасалуы Санкт-Петербург сәулет мектебі әсерінің көрінісі.

Кубриндер – көпестер әулеті. Олардың шежіресінің тарихы қарапайым казак Константин Кубриннен басталып, отбасылық ісін ұлдары мен немерелерінің жалғастыруымен баяндалады. Нәтижесінде Кубриндер қарапайым ұсақ саудагерлерден алғашқы гильдияның ірі ақмолалық көпестеріне дейін көтеріліп, тек экономикада ғана емес, сондай-ақ қаланың сәулетінде де із қалдырған.
Сауда үйі Кенесары және Ә.Мәмбетов (Кенесары, 37) көшелерінің қиылысында орналасқан

Уақыттың әр кезеңінде бұл ғимаратта уездік экономикалық бөлімдер орналасып, кейіннен «Радуга» деп аталатын дүкен орналасқан. 1944 жылғы өрттің салдарынан халық оны «Горелый (Күйген)» деп атап кеткен, сол кездегі өрт салдарынан барлық ағаш құрылыстары қираған. Облыстық атқару комитетінің 1984 жылдың 30 қаңтарындағы шешімі бойынша дүкен ғимараты тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін алған. Қазіргі таңда ол жерде «Астана» сауда үйі орналасқан.

3D нысанын жүктеу 90 секундты алады…