ГОНКОНГТЫҢ ЗАҢ ҚАУЫМЫ M.S. NARIKBAEV ATYNDAĢY KAZGUU UNIVERSITETI-НІҢ БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАДЫ


2018 жылдың 4 шілдесінде Гонконгтың заң қауымдастығының (Law Society of Hong Kong) өкілдері, оның ішінде вице-президенті Амирали Насир, қауымдастықтың экс-президенті Майкл Линтерн-Смит, коммуникациялар және сыртқы істер жөніндегі ассистент-директоры Сильвия Тсуи M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti-не сапарлап келді.

Гонконгтың заң қауымдастығы 1907 жылы құрылды және бұл кәсіпқойлар бірлестігіне он бір мыңға жуық адвокат пен заң кеңесшілері және тоғыз жүзге тарта заң фирмалары енеді. Қауымдастық заңгерлерге арналған кәсіптік стандарттарды әзірлейді және таратады және адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қызметіне мониторинг жүргізеді.

Аталған қауымдастық «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуын және орталық аясында өз қызметін жүзеге асыра алатын жаңа буындағы заңгерлерді даярлау процесін мұқият байқауда. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Гонконгтағы бас консулы Төлеген Исмаиловтың қолдауымен Қауымдастық делегациясының KAZGUU Unıversıteti-не сапары ұйымдастырылды.

Сапар барысында делегация KAZGUU Unıversıteti-нің қызметімен және бастамаларымен танысты. Атап айтқанда, қауымдастық KAZGUU Unıversıteti-нің ағылшын құқығы саласындағы Minor білім беру бағдарламасын дамытудағы және Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің KZJSISP/QCBS-06 жобасы төңірегінде сот сараптамасының жүйесін реформалаудағы қызметін қолдады. Оған қоса, қауымдастық KAZGUU Unıversıteti-нің жүргізіп жатқан «AIFC Court: Jurisdiction, Applicable Law and Conflict of Laws» деген зерттеуіне өз қызығушылығын білдірді. Сондай-ақ қауымдастық KAZGUU Unıversıteti-нің заңгерлерді сертификаттаудың ұлттық жүйесін (NLCP) құру жөніндегі бастамасына да қолдау білдірді.

Сапар қорытындысы бойынша қауымдастық пен KAZGUU Unıversıteti-нің өкілдері Қауымдастық мүшелерінің арасында және Қазақстанда KAZGUU Unıversıteti бастамаларын ілгерілету жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізді.